Алматыдағы қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнарды атып өлтірген күдікті ұсталды.
Күдіктінің 11 айға жуық уақыттан кейін қолға түскені белгілі болды.
Аталған дерекке қатысты Бас прокуратура пікір білдіріп, күдіктінің 21 қазанда ұсталғанын нақтылады.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікті ұсталып, қамауға алынды», - делінген ведомство ақпаратында.
Еске салайық, 2022 жылғы 6 қаңтарда Елнар Қансейіт коменданттық сағат басталмай тұрып өз көлігімен Алматыдағы Назарбаев көшесімен жоғары жаққа кетіп бара жатқанда оққа ұшқан.
Сәтбаев көшесіне жетіп, жол қиылысына тоқтаған сәтте оның көлігіне оқ жауған. Ректордың ұлы алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған болатын.