Мектепке хиджабпен келетін оқушылар ән мен әнұран айтуды харам деп санайды – сарапшы

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Қазақстандық қоғамда соңғы бірнеше күннен бері оқушы қыздардың мектепке хиджабпен келу мәселесі қызу талқыланып жатыр. Өйткені, Оқу-ағарту министрлігі оқу орнына діни киім киюге салынған тыйымды алып тастауы мүмкін.

Осыған байланысты әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми сарапшылық кеңес мүшесі Талғат Жақиянов пікір білдірді.

«Бұл тақырып бірнеше жылдар бойында қарқын алып, белсенді талқылануда. Алайда, дау-дамайдың кульминациясы жылда тамыз айына келеді. Мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден басқа мектептің маңызды функцияларының бірі – ЭГАЛИТАРЛЫҚ ФУНКЦИЯ. Кез келген қоғамда таптар мен қабаттар бар. Біздің қоғамда да жоғарғы, орта және төменгі (тіпті, андеграунд) тап бар. Мектепке келген оқушылар осы таптардың өкілдері. Олардың материалдық жағдайы, ең алдымен сыртқы келбеті көрініс береді. Өзім де бірнеше жыл мектепте жұмыс істедім. Бұл проблеманы іштен білемін», - дейді ғалым.

Оның айтуынша, бірыңғай мектеп формасы қабаттық маркерлерді жасырудың құралы.

«Балалардың бірінің қымбат киінуі, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңістігінде түрлі проблемаларды туғызады: психологиялық қолайсыздық, жікке бөліну, т.б. Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдардардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, білім алуы керек. Таптық маркерлерсіз өзара тең қарым-қатынас жасауы керек, өздерін психологиялық қолайлы сезінуі керек. Мектептің әлеуметтік кеңістігінде осындай қабаттық шекараларды болдырмау да эгалитарлық функция аясында қарастырылады. Бірыңғай мектеп формасы қабаттық маркерлерді жасырудың құралы. Қазіргі хиджаб/орамал мәселесін көтеріп жатқан азшылық «бұл ұсыныс тек мұсылмандар тарапынан ғана айтылуда, басқа діндер сұрап отырған жоқ, сондықтан рұқсат беру керек» деген пікірлер айтады. Алайда жағдай олай емес. Бірнеше жылдар бойында қызмет бабымен барлық өңірлерді, түрлі елдімекендерді үздіксіз аралап, «көзбен көріп, қолмен ұстап» жүрген адам ретінде айтайын. Мұндай ниет басқа діни ағымдарда да бар», - деді ол.

Талғат Жақиянов бірыңғай тәжіктер шоғырланып қоныстанған Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Фирдауси ауылындағы мектепті мысалға келтірді.   

«2017-2018 жылғы оқу жылына дейін ол мектепке тәжік балалары өздерінің ұлттық киімдерімен келетін (интернетте суреттері көп, қарасаңыз болады). Қыздар ала көйлек, ала шалбарымен (дамбал) сабаққа баратын», - дейді ол.

Маманның айтуынша, оқушылардың арасында субмәдениет көріністері өте көп: эмо, рокер, хипстер, гот, т.б.

«Міне, осы субмәдени маркерлер де мектептерде арагідік көрініс беріп тұрады: шаштарын түрлі-түсті бояу, түрлі киім кию, түрлі атрибуттарды пайдалану, т.б. Қоғамның әлеуметтік-мәдени саналуандығы жағдайында бірыңғай мектеп формасы эгалитарлық құрал ретінде оқушылардың таптық-қабаттық жіктелуіне жол бермей, барлығына ортақ әрі тең мүмкіндіктер қалыптастыру қызметін атқаруда. Бұл жіктелудің әрқайсының арасында әлеуметтік-мәдени шекара жатыр. Этникалық, діни, субмәдени, гендерлік және таптық белгілері бойынша жіктелген мектепте жүретін оқу-тәрбие процесін, оларда тәрбиеленіп шығатын тұлғаның моделін бір уақыт көз алдарыңызға елестетіп көріңіздерші… Міне, осы орамал/хиджапқа үнсіз рұқсат берген мектептерде енді басқа проблемалар көрініс берген. Орамал/хиджаб киген оқушылардың ата-аналары мектеп кеңістігінде өз балаларына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға кіріскен. Музыка, дене шынықтыру, көркем сурет пәндеріне қатысудан бас тартқан. Ән айтуды (соның ішінде әнұран орындауды да), би билеуді «харам» деп, мектептің қоғамдық өмірінен алшақтаған. Жаратылыстану, тарих пәндерінен өздерінің діни догматтарына сай келмейтін тақырыптарды алып тастауды талап еткен. Асханаларды тексеріп, «халал» меню талап еткен. Тағысын тағылар», - дейді ол.