«Пансионаттарда балаларды діни негізде оқытады»: саясаттанушы сүлейменшілер туралы айтты

Азамат Ахметов

Саясаттанушы Асхат Қасенғали сүлейменшілер деген топтың кім екенін айтты.

«90-жылдары КСРО-ның бодандығынан құтылған сәтте 70 жыл бойы дін ұстануға тыйым салынған ел болғандықтан дін тұрғысында қайта рухани әлемге қол созу процесі басталды. Ол түсінікті де, солай болуы заңдылық та. Алайда, сол сәтте мемлекеттік саясат діни бағыттарды дұрыс ажырата алмады, халықтың өзі де діни сауаты жоғары болды дей алмаймыз, салдарынан небір ағымдар кірді. Таудан аққан тасқын судай қоғамға жайылды. Орталық Азияға негізінен араб елдерінен, Түркиядан және Кавказ аймағынан діни ағымдар ене бастады. Олардың көпшілігі дерлік бір-біріне кереғар, қарама-қайшы ұстанымда болатын. Мысалы солардың арасында сүлейменшілер деген ағым болды, ол қазір де бар. Әсіресе, биыл көп аталып жүр», - деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, бұл ағым Қазақстанға Түркиядан келген.  

«Интернетті ақтарып шықтым, онда мынандай ақпарат бар екен: «Сүлейменшілер» 1957 жылы Түркияда ресми құрылған діни ұйым, ал оның негізін Сүлейман Тунахан деген қалапты. Кейін ол өмірден өткен соң, ұйым мүшелері Түркияның ресми мүфтиятының ұстанымын теріске шығарған сәттері де болған көрінеді. Бүгінде бұл діни ұйымның әлем елдерінде мыңдаған «қайырымдылық пансионаттары» бар көрінеді. Міне, әңгіменің бәрі осыған келіп тіреледі. Жыл басында Алматы полициясы балаларды оқытатын пансионаттарға рейд жасайды. Рейд барысында оқушыларға тыйым салынған әдебиеттер оқытылғаны, діни жоралғыларға оларды қатыстырғаны айтылады», - деді ол.  

Қасенғали пікірінше, бұл ағымда ең маңыздысы ол «рабита» рәсімі болып саналады екен.

«Яғни, ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланыс. Ұстаз деп бұл ағымның негізін қалаушы Сүлейманды айтса, демек шәкірттер онымен рухани байланысты болуы маңызды дейді. Күні кеше Информбюрода осыған қатысты мақала шықты. Онда дәл осы ағым балаларды діни негізде оқытып, кейін Түркияда әрі білім алуына барын салатыны айтылған. Бір қызығы, олар өздерін діни ұйым емес, қайырымдылық қоры ретінде тіркейді дейді. Ал Қазақстанда 92 сүлейменші пансионаты бар деп көрсетіпті. Одан көп болуы да мүмкін әрине», - деді ол.  

Саясаттанушының айтуынша, мұндай ағымда көбіне мектеп жасындағы оқушылар мен студент жастарды негізгі контингент етеді.  

«Жастардың кімнен қандай діни білім алып жатқанын ата-анасы да, қоғам да, арнайы құзырлы органдар да қадағалап отыруы тиіс. «Қайырымдылық қоры» деп жүргендердің көбісі басқа мақсатты көздеп жүруі әбден мүмкін», - деді ол.