Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Ұяты жоқ екен»: Мәжіліс депутаты қырғыз президентінен арғымақ алған ақынды сынап тастады

Азамат Ахметов

Мәжіліс депутаты, айтыскер-ақын Аманжол Әлтаев қырғыз президенті Садыр Жапаровтан арғымақ мінген қазақ ақынын сынады. Біржан Қалдыбаевтың бүкіл қазақ атынан сөйлеуге ешқандай құқы жоқ еді деп жазды Аманжол Әлтаев өзінің Facebook-парақшасында.  

«Мынау Біржан дегеннің ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақтың айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік. Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде ҚЫРҒЫЗ БАУЫРЛАР екі елдің айтыс ақындары одағының арасындағы қол қойылған меморандум ережесін сақтауды, біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруын сұраймыз», - деп жазды депутат.

Ол құстың қос қанатындай бауырлас елдің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын дейді.  

«Біржан бауырымыз елге жеткен соң халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын», - деді ол.  

Еске салсақ, Қырғыз президенті Садыр Жапаров қазақ ақынына құрметтеп, арғымақты сыйға тартқан еді.

Сізге қызықты болады