Оқиға №14 мектепте болған
Елордадағы мектептердің бірінде оқушы баспалдақтар арасынан құлап кетіп, комаға түскені туралы ақпаратты «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі, қоғам белсендісі Дина Таңсәрі таратқан болатын. Оның айтуынша, оқыс оқиға үзіліс кезінде болған. Ұл бала жансақтау бөліміне жеткізіліп, үш күн бойы комада болған.
«№14 мектепте дұрыс қоршау жоқ, бала баспалдақ арасынан құлап кеткен. Жедел жәрдем ұзақ жүріп жеткен. Қабаттар арасында орнатылған камералар жұмыс істемейді. Қазір балаға шұғыл түрде ота жасау қажет. Ол Түркияда ғана жасалады. Бала бас жарақатына байланысты көру қабілетін жоғалтып жатыр», - деді Дина Таңсәрі.
Алайда, қалалық денсаулық сақтау басқармасының мамандары оқушының комаға түскенін жоққа шығарып отыр.
«Баланың айтуынша, оны сыныптасы итеріп жіберген. Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақырылған. Қазір ол қалалық балалар ауруханасында жатыр. Есін біледі. Жағдайы тұрақты. Комада болған жоқ», - деді басқармадағылар.
Дина Таңсәрі мектеп басшылары мен сынып жетекшісін қатаң жазалау керек десе, білім беру басқармасында директордың мәселесін қараймыз деп сендірді.