Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Сарыағашта депутатты бір топ адам үйінің алдында соққыға жығып кеткен

Азамат Ахметов

Ол бос жатқан жерді мемлекетке қайтартқан

Сарыағаш ауданында жергілікті депутат Руслан Насировты бір топ ер адам соққыға жығып кеткен. Оқиға халық қалаулысының үйінің алдында, балаларының көзінше болған деп хабарлады Otyrar.kz.

Депутат өзін ұрып-соққандардың кім екенін танимын деп отыр. Айтуынша, бұл депутаттық мандатымен тікелей байланысты. Себебі Руслан Насиров Құркелес ауылдық округінде жайлы мектеп пен стадион салу үшін бос жатқан жердің мемлекет балансына өтуі үшін депутат ретінде атсалысқан екен. Бұдан өзге фельдшерлік-амбулаториялық пункт салу үшін жер телімінің мемлекет меншігіне өтуіне араша түсіпті. Алайда оның бұл белсенділігі әлдекімдерге жақпай қалған көрінеді.

«Мен оларды танимын. Олардың бірі бұрын біздің ауылда би болған кісінің інісі. Ауылда 3 гектар 70 соттық жерді стадион салу үшін мемлекет балансына алдырғанбыз. Ал олар жерді өздері ешбір құжатсыз қоршап алған. Сосын мектеп үшін жер керек болды. Бос жатқан жер еді. Бұдан өзге ауылда фельдшерлік-амбулаториялық пункт (ФАП) қажеттілігі туындады. Ақсақалдардың өтінішімен мен белсенділік етіп, жер телімін тауып, халық болып ФАП салдық. Бұл жер де әлгі адамдар иелік етуге ниеттеніп отырған жер телімі екен. Содан «Неге менің рұқсатымсыз мемлекет меншігіне бергізесің?» деп менің тарапыма «негатив» басталды. Шыны керек, ол жерлерді мен өзімнің меншігіме алған жоқпын, халық үшін жасалынған тірлік. Сол мектепте бүкіл ауылдың балалары оқиды»,-деді депутат.

Халық қалаулысы қазанның 6-сынан 7-сіне қараған түні соққыға жығылған. Айтуынша, түнгі уақытта тойдан үйіне оралған. Үйге кірген соң бірнеше ер адам үйінің алдына келіп, депутатты сыртқа шақырған. Ол сыртқы қақпаның алдына шыққан бойда бірнеше адам жабыла кеткен. Бұл сәт үй алдындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

«Бірінің қолынан пышақты көріп, дереу артқа шегіне бергенім сол артымнан екіншісі келіп, кастетпен (суық қару: авт) басымнан ұрып-соқты. Шынымды айтсам, ауыр соққыдан есім кіресілі-шығасылы боп қалдым. Сосын төртеуі жабылды. Бірнеше рет қолмен ұрып-соғып, тепкінің астына алды. Олардың қолынан қаруды да байқадым. Бұл жерде «Өзіңе көп алып кеттің» деп отыр олар. Мен әлдеқайда жаспын, 1989 жылғымын. Ал олар менен үлкен. Меніңше, солардың айдауымен жүру керек болғанмын», - деді ол. 

Жәбірленуші бізге жолдаған бейнежазбадан (YouТube-тің белгілі бір талаптарына сәйкес видеоны жүктей алмаймыз: авт) бірнеше еркектің бір адамға жабылғанын көруге болады. Ол үй алдындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кейін үйден әйел адам шығып қалған сәтте таяқтың астында қалған ер адам өзіне жабылғандардан қашып, үйге дереу кіріп кетеді.

Жәбірленушінің айтуынша, бұл жағдайды естіген оның інісі оқиға орнына шұғыл жеткен. Інісі келген бойда Руслан Насиров сыртқа шығып, оларды тарқатпақ болған көрінеді. Айтуынша, қайта соққының астында қалған. Бір топ адам ағасына жабылған соң інісі көліктен қару алып, ауаға бір рет оқ атқан екен.

«Көлік менің атымда, қарудың да құжаты бар. Бұл жерде інім маған жабылғандарды тарқату үшін солай жасаған. Алайда, олар інім екеумізге жабыла кетті. Үй алдында тұрған көлікке зақым келді. Жалпы бұл жайттың бәрі менің бала-шағамның көз алдында болды. Соққыға жыққандар «Руслан» деп бірнеше рет айқайлап, мені үйден шығарып алды ғой. Соны естіген балаларым барлығын терезеден қарап тұрған екен», - деді депутат.

Руслан Насировтың үйіндегілер полиция шақырған. Депутаттың айтуынша, полицейлер келемін дегенше бір топ адам оқиға орнынан қашып үлгеріпті. Тәртіп сақшылары мән-жайды анықтау үшін жәбірленушіні полиция бөліміне алып барған. Кейін депутатты туыстары ауруханаға жеткізген. Оған «бас миының шайқалуы» деген диагноз қойылған.

Сізге қызықты болады