Шахтада қаза болған кеншілер жұмысқа кіру үшін несие алып, пара бергені рас па?

Азамат Ахметов

Марқұмдардың ең төменгі жалақысы 300 мың теңге болған

Ulysmedia

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкіметтегі брифингте «АрселлорМитал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы Вадим Басиннің айналасындағы даулы мәліметке пікір білдірді.

«Адамдар жазып жатыр, өзіңіз де шахтерлердің әйелдері айтқанын естіген шығарсыз. Кеншілер шахтаға жұмысқа кіру үшін несие алған деген мәлімет бар. Ол схеманы тура осы В.Басин ойлап тапқан делінеді. Осы мәселенің түбіне жетесіздер ме? Үкімет тарапынан антикордың тексеру жүргізуін талап етесіздер ме», - деп сұрады журналист вице-премьерден

Тамар Дүйсенова оның Үкіметтік комиссияның жұмысы қорытындыланған кезде нақты белгілі болатыны айтты.

«Еңбек инспекциясы Үкіметтік комиссия құрамына кірді. Ол инспекция тәртіп бойынша міндетті түрде жұмыс жүргізеді. Бірақ В.Басин туралы ештеңе айта алмаймын. Ол тексерулерден кейін белгілі болатын шығар», - деді вице-премьер.

Тамара Дүйсенова кеншілердің жалақысы қанша болғанын айтты. 

«Біз олардың (қаза тапқан кеншілердің – авт.) жалақысын «Отбасының цифрлық» картасынан қарадық. Олар 300 мың теңгеден 1 млн 600 мың теңгеге дейін еңбек алған. Оның ішінде жастар да бар. Жұмысқа енді тұрғандары бар. Сондықтан кеншілердің жалақысында үлкен алшақтық бар», - деді ол.

Еске салсақ, Костенко шахтасындағы 46 кеншінің өмірін жалмаған апаттан кейін Вадим Басин «АрселлорМитал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің бас директоры міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.