Тоқаев Димашқа тазының күшігін сыйлады

Азамат Ахметов

Жуырда ғана президент әншіге «Қазақстанның халық әртісі» атағын берген болатын

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемге әйгілі әнші Димаш Құдайбергенге тазы күшігін сыйлады.

Әнші бұл жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, күшікке Ғарышкер деп ат қойғанын айтты. 

«Достар, танысып қойыңыздар, бұл — менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазы күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы — біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған жеті қазынаның бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді», - деп жазды Димаш өз парақшасында. 

Ол ата-бабамыздың тазыны қастерлеп, жақсы көргенін атап өтті. 

«Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы — шапшаң, епті. Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын! Тазыны Ғарышкер деп атадық», - деп жазады әнші 

Еске салсақ, жақында әншіге «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы атағы берілген болатын.