Қайрат Боранбаев түрмеден босатылды

Азамат Ахметов

Ол өтелмеген мерзімін бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырады

Мемлекетке келтірілген шығынды өтеген кәсіпкер Қайрат Боранбаев түрмеден шықты. Бұл туралы 6 қарашада Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде хабарлады. 

Қылмыстық-атқару кодексінің 5-тармағы 165-бабына сәйкес жазаны өтеуден мерзімінен бұрын босату тиісті құжаттар келіп түскен күні, ал егер құжаттар жұмыс күні аяқталғаннан кейін келіп түскен болса, келесі күні таңертең жүзеге асырылады. 

«Биыл 6 қарашада Қайрат Боранбаев түрмеден босатылды. 65-бапқа сәйкес, бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу түріндегі жазамен ауыстырылған сотталған адам қамаудан босатылады және бюджет қаражаты есебінен жазасын өтеу орнына өз бетінше барады», - делінген ҚАЖК хабарламасында. 

Бас бостандығынан айырылған адамдар Қылмыстық-атқару кодексінің 13-тарауына сәйкес, оларға пробациялық бақылау жағдайында жазасын тұрғылықты жері бойынша өтейді. 

Еске салсақ, Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ «газды импорттауға жұмсалған қаражатты жымқырды» деген айыппен кінәлі деп танылып, Боранбаев 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қайрат Боранбаев мемлекетке 90 млрд теңге, кейін жалпы құны 1,4 млрд теңгеден асатын «Comfort Hotel Astana» қонақ үй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді. Кейін тағы мемлекетке 30 млрд теңге қайтарды. Қазан айынды мемлекет кірісіне жалпы құны 33,75 млрд теңге болатын кеңсе, сауда және ойын-сауық кешені, сондай-ақ сауықтыру және фитнес желісі өтті. 19 қазан күні Боранбаев өзінің кен орнын, компаниясын және зауытын мемлекет меншігіне берді.