Қостанайлық тұрғындар балаларын жаппай орыс сыныптарына беріп жатыр

Екібастұзда 8 айлық сәби аштықтан мерт болды

Азамат Ахметов
Көрнекі фотосурет

Сәбидің анасы мемлекеттен ешқандай әдеуметтік көмек алмаған

Екібастұзда 8 айлық сәби мерт болды. Оның мәйіті Шідерті кентінде тұратын әжесінің үйінен табылған. Суыт хабарды алдымен Павлодардағы «Vita» іздестіру жасағының еріктілері жариялады. Олар сәбидің аштан өлгенін және осы отбасындағы басқа балалардың да хәлі мүшкіл деп хабарлама таратқан.

Осыдан кейін облыстық денсаулық сақтау департаменті сәбидің қайтыс болғанын растады. Дәрігерлер баланы тексерген кезде салмағының тым жеңіл екендігін анықтаған. Дерекке қарағанда, анасы тұрғылықты мекен-жайын жиі ауыстырып отырған. Шідерті кентіне үш ай бұрын көшіп барыпты. Бұған дейін бүлдіршіннің ауырып, медициналық көмекке жүгіну дерегі мәліметтер базасында тіркелмеген.

«Жедел жәрдем қызметінің ақпараты бойынша қараша айының 17-де шақырту келіп түседі. Дәрігерлер барған кезде баланың денесі суып, тыныс алуы тоқтап, көгеріп кеткен екен. Мамандар сол жерде оның қайтыс болганын жария еткен. Бала анасымен 4,5 айға дейін Павлодарда тұрды және нөмірі 3-ші емханада қаралды. Невропотолог, хирургтың тексеруінен өтіп, дені сау деген диагноз койылған», - деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.

Бүлдіршіннің бақилық болуының нақты себебі гистологиялық сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады. Бірақ, бұл отбасында бақилық болған сәбиден бөлек екі бала бар. 

Аталған отдасы осы күнге дейін мемлекеттен ешқандай әлеуметтік көмек алмағаны анықталды.

Бұл – соңғы аптада бала өліміне қатысты Екібастұзда болған жантүршігерлік екінші жағдай. Бірер күн бұрын ғана туған анасы мен оның көңілдесі көміп тастаған 8 жасар Милана Давыдованың денесі табылған болатын.

Сізге қызықты болады