Алғашқы сот отырысы үш сағатқа созылған
Алматы облысында 8 жастағы қызға азғындық жасап, зорлады деп айыпталған азаматқа қатысты бүгін соттың алғашқы тыңдалымы өтті. Істі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылғын ауданаралық соты қарап жатыр, деп хабарлады Almaty.tv.
«Экспертиза нәтижесінде кілемде күдіктінің ұрығы, немеремнің түкірігі анықталды. Әуелі ол екінші қабатта, баспалдақтың астында арам ойын іске асырған», – дейді зардап шегуші тараптың өкілі.
Шағым қалдырған тарап бүгін сот залында мемлекет тарапынан берілген қорғаушымен де алғаш танысқанын айтты. Адвокат шулы іске қатысты барлық материал тізбектеліп, келесі отырыста ұсынылатынын айтты. Ал анасы азғындық жасағанның қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
«Бүгін сот біздің тарапты тыңдады. Зардап шегуші ретінде бәрін айтып бердік. Мен зәбір көрген қыздың анасы ретінде соттың әділ шешім шығаратынына сенемін. Бізде барлық дәлел бар. Келесі сотты 4 желтоқсанға қалдырды. Оның қалай өтері әлі белгісіз», – деді зардап шегуші тараптың өкілі.
Аса ауыр қылмысты қарайтын мамандандырылған сот үш сағаттан соң ғана аяқталды. Жабық қаралымда күдіктінің көршілерінен де жауап алынған көрінеді. Сот әзірге қосымша ақпарат бермеді.
Айта кетейік, 17 мамырда Есік қаласының Көктөбе аулында қыз зорлады деген айыппен сол ауылдың тұрғыны қамауға алынған еді.