Халық 5-6 мың теңге тұратын кітаптың өзін несиеге алады – жазушы

Азамат Ахметов

Ол кітапты шығару құны қымбаттап кеткенін айтты

Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілісте Мәдениет комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырысында жазушы-блогер Динара Болат кітап нарығына қатысты өзінің ұсыныстарын айтты. 

«Қазір кітап өте көп. Әсіресе, кітап нарығында тұлғалық даму, қаржылық сауаттылық, әйгілі психология жанры өте танымал. Дегенмен, сол сұранысқа орай кітаптың мазмұнына көбірек көңіл бөлу керек сияқты. Оны бақылау, реттеу керек. Себебі баспаханаға мұқабамызды апарамыз, бірақ кітаптың мазмұнын ешкім тексермейді. Орыс, америкалық жазушыларды аударып өз атынан шығарып жатқан авторлар көп. Осы мәселені реттеу керек деп ойлаймын», - деді ол.  

Динара Болаттың айтуынша, елдің шалғай аудандарына кітап почтамен жөнелтіледі, ол екі күн деп көрсетілгенімен, екі апта жүріп қалады.  

«Кітап» деген бөлек санат беріп, оны жеткізуді шұғылдатуды қолға алу керек деп ойлаймын. Себебі, оқырман ақшасын төлеп кітап алған соң, оны тезірек оқығысы келеді. Кітап шығару жылдан жылға қымбаттап барады. Кітапқа қоятын банк дүкенінің үстем пайызы қымбат. 13 пайыз қояды, халықтың жағдайы солай шығар, 5-6 мың теңге тұратын кітаптың өзін жартысынан көбін бөліп төлеу мен несиеге алған. Біз оқырманға сатушы ретінде мүмкіндік жасаймыз. Алайда бөліп төлеу мен несиеге қолма-қол ақшаға сатып алғанға қарағанда пайыз көп қосылады», - деді Динара Болат.

Еске салсақ, отырыста кітап нарығын реттеу, қазақ тіліндегі көркем әдебиеттің баспа индустриясын дамыту, қазақ тілінде балалар және көркем әдебиетті басып шығарумен айналысатын баспалардың жұмысына қолдау секілді мәселелер талқыланды.