Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі электронды еңбек биржасында ақпанда ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарын атады, деп хабарлайды qonaev.info.
Ақпан айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында еңбек нарығында іздеу және жалдау процесінің белсенділігінің төмендеуі байқалды. Мәселен, қаңтармен салыстырғанда бос жұмыс орындар саны 16,5 мыңға (-17%) азайып, 80,8 мыңды құрады, ал түйіндеме саны 77,6 мыңға (-41%) азайып, 113,6 мыңды құрады.
Ведомствоның мәліметінше, ақпан айында негізгі сұранысты білім беру ұйымдары (19,2 мың бос жұмыс орны) және басқа да қызмет түрлерін ұсынатын кәсіпорындар (10 мың бос жұмыс орны) құрап отыр. Олар барлық бос жұмыс орындарының үштен бірінен астамын орналастырды.
Ақпан айында жұмыс берушілер ең жоғары жалақы мөлшерін өнеркәсіптік альпинистерге (орта есеппен 1 млн теңгеден бастап), бас құрылысшыларға (656 мың теңгеден бастап) және жүйелік сәулетшілерге (600 мың теңгеден бастап) ұсынды.
«Бұл ретте ең жоғары күтілетін жалақыны өз түйіндемелерінде IT-бөлімшелердің басшылары (орта есеппен 891 мың теңгеден бастап), бұрғылау жөніндегі супервайзерлер (850 мың теңгеден бастап) және коммерциялық ұйымдардың директорлары (846 мың теңгеден бастап) көрсетті», - делінген хабарламада.