Биылғы 26 наурызға дейін көкжөтелдің 442 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Qonaev.info.
Барлық жағдайлар 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелсе, оның 90%-ы 5 жасқа дейінгі балалар. Науқастанған балалардың 89,1%- ы вакцинацияланбаған.
Көкжөтел еліміздің барлық өңірлерінде тіркеліп жатыр, басым бөлігі: Павлодар – 42, Қарағанды - 66, Астана – 126, Атырау – 48 , Ақтөбе – 39, қалған өңірлерде бірең-сараң жағдай тіркелген.
« Жоспарлы вакцинацияны өткізіп алу және вакцинациядан бас тарту себебінен қоғамдық иммунитеттің төмендеуіне байланысты көкжөтелмен сырқаттанушылық көбейді. Көкжөтел халықтың иммундық емес топтарының, әсіресе балалар санының артуына қарай әр 3-5 жыл сайын ауру деңгейінің циклдік өсуімен сипатталады», - деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.
Мамандар, тұрғындарды көкжөтелден қорғаудың және алдын алудың негізгі әдісі –вакцинация екенін айтады. Көкжөтелге қарсы иммундау профилактикалық егулер Ұлттық күнтізбесі шеңберінде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасында вакцинация екі, үш, төрт айлық жастағы үш екпеден және 18 айда және 6 жасында ревакцинациядан тұрады.
Вакцинация елімізде тегін, тіркелген жері бойынша емханада алуға болады.