Бүгін Астанада өтіп жатқан сот отырысында екі тарап күдікті Қуандық Бишімбаевқа іс бойынша сұрақ қоя бастады. Алғашқы сұраққа жауап бермес бұрын Бишімбаев Салтанат Нүкенованың отбасынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Qonaev.info.
Қуандық Бишімбаевқа алдымен өз адвокаттары сұрақ қойды. «Салтанат Нүкеновамен қай жерде қалай таныстыңыз?» деген алғашқы сұраққа жауап бермес бұрын Бишімбаев әйелінің жақындарынан кешірім сұрады.
«Мен ең алдымен сот залында отырған Салтанаттың жақындарынан кешірім сұрағым келеді, бұл менің азаматтық борышым деп санаймын. Мен кешірімнен дәмеленбеймін. Бірақ, бұл - менің міндетім. Бұл сіздер үшін орны толмас қаза екенін білемін. Екіншіден, мен "кінәмді мойындамаймын" деген сөзімді түсіндіргім келеді. Құрметті алқа билер, құрметті сот, мен жұбайым Салтанатты аса қатігездікпен өлтірдім деп санамаймын», - деген Қуандық Бишімбаевтың сөзін сот залында отырған Салтанаттың анасы үзді.
«Тоқтай тұр, сен менің қызымды қатігездікпен өлтірген жоқпын дейсің бе?! Мен қызымның бетін соңғы рет көріп, жерлей алмадым. Сен оны сегіз сағат бойы аса айуандықпен өлтіргенсің. Маған оның түрін әдейі көрсетпеді, өйткені, өмірімнің соңына дейін ұмыта алмас едім», деді Салтанаттың анасы.
Оны сот тоқтатып не тыныштық сақтауын, не залдан шығып кетуін сұрады.
«Мені жек көрсеңіз болады, мені қарғасаңыз болады, бірақ мен оны әдейі өлтірген жоқпын. Мен сіздердің алдарыңызда, Құдайдың алдында да жауап беруге дайынмын», - деді Бишімбаев.