Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы жалғасты. Сот отырысының басында судья Айжан Құлбаева сотты құрметтемегені үшін БАҚ өкілдерін сот залынан шығару туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qonaev.info.
Белгілі болғандай, алдыңғы сот процесінде БАҚ алқабилерді фотоға түсіріп алған және бұл кадрлар әлеуметтік желілерде тарап кеткен.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбау жауапкершілікке тартылуға әкеп соғуы мүмкін. Сонымен қатар, қатысушы сот алқабилермен процестік емес байланысты болдырмау мақсатында, сондай-ақ осы іс бойынша үлкен қоғамдық резонансты және оны әлеуметтік желілерде таратуды ескере отырып, ең алдымен сот төрелігі мүддесінде БАҚ-қа алқабилердің фото және видео түсіріліміне тыйым салынғанын жеткізді. Сондай-ақ, егер бұл талаптар сақталмаса және әлеуметтік желілерде алқабилер бейнеленген сот отырысы залынан фотосуреттер немесе қандай да бір түсірілімдер пайда болған жағдайда сот тиісті шаралар қабылдайтыны туралы ескертілді. Сот сонымен қатар, БАҚ пен әлеуметтік желілерге алқабилер бейнеленген фотосуреттер мен бейнелерді жоюды міндеттейді.
Сот алқабилердің фотосуреттері мен бейнелерін таратқан адамдарды сотты құрметтемегені үшін тиісті жауапкершілікке тарту үшін және оларды анықтау үшін тексеру жүргізу қажет деп санайды.
Сондықтан тексеру нәтижелерін алғанға дейін Сот «сот отырысы» залынан барлық БАҚ-ты шығару қажет деп санайды», - деді судья.