Ойын бизнесін реттейтін жаңа заңға тағы да ортақ төлем операторын енгізбекші
Қазақстандағы ойын бизнесі туралы заңға Мәжіліс депутаттары өзгеріс енгізуді былтырдан бері қолға алған. Басты идеялардың бірі – Бәс тігуді есептеу орталығын жою болатын. Бұл жүйені кезінде «ескі Қазақстан» өкілдері қосып кеткен болатын. Яғни, монополист компания барлық бәкмекерлік төлемдерді бақылауында ұстап, әрбірінен қомақты комиссия ұстап отыратын.
Елді шулатқан «Оператор РОП»-қа ұқсайтын бұл жүйені толығымен жоятын өзгерісті депутаттар Үкіметке келісімге жолдаған болатын.
Мәжілістегі жұмыс тобының 3 маусымда өткен жиынында үкіметтегілердің жауабы да айтылды. Біздің дереккөздің мәліметінше, министрлер кабинеті Бәс тігуді есептеу орталығының атауын ғана өзгертіп қоймақшы. Ал, букмекерлік төлемдерден қомақты комиссия алып отыру функциясын жалғастыра беруді ұсынған. Басқа ешқандай өзгеріс жоқ.
Мұндай «керемет» идеяны Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев қорғамақ болған. Бірақ, неге жаңа оператор тек өз шығынын ғана жауып, пайдаға жұмыс істемейді деген сұраққа вице-министр нақты жауап бере алған жоқ. Яғни, ол комиссияның көлемі қанша және ол қандай жолмен алынады деген сауал жауапсыз қалды.
Нәтижесінде, депутаттар үкімет ұсынған осынау түзетуді қабылдаудан бас тартып, мәселені келесі отырыста қарауға қалдырды.