Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Мұхтар Шахановқа Қазақстанның «Еңбек ері» атағы берілді

Азамат Ахметов
Фото: Қазақстан Республикасы президентінің баспасөз қызметі

Ұлытау облысында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың соңында Мемлекет басшысы қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановты мерейлі 80 жасымен құттықтап, Қазақстанның «Еңбек ері» атағын табыстады.

«Қадірлі ағайын, Құрылтайды барша жұртымыз үшін жағымды жаңалықпен аяқтағым келіп отыр. Кеше даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенін білесіздер. Ол – Әнұранымыздың авторы, Ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Біртуар сазгерге құрмет көрсету – перзенттік парызымыз. Шәмшіні халқымыз «Қазақ вальсінің королі» деп қадірлейді. Шәмшінің әндері қашанда халықтың жүрегінде, ешқашан құндылығын жоймайды. Оның ақын Мұхтар Шахановпен бірлесіп жазған әндері елге кеңінен танымал. Әйгілі композитор мен атақты ақынның достығы – барша жұртқа үлгі», - деді ол.

Президент сазгердің іні-досы Шахановтың да бұл наградаға лайық екенін айтты.

«Мұхтар Шаханов сексен жасқа толады. Оның шығармашылық еңбегі қандай құрметке де лайықты. Ол – өте шыншыл, адал, ұлтжанды адам. Мен бүгін Мұхтар Шахановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Еліміздің ең жоғары марапатын ақынға Ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде тапсырғанды жөн көрдім», - деді Мемлекет басшысы.

Награда алуға шыққан ақын көпшіліктің алдында өлеңін оқып, Президентке қазақ тіліне деген жанашырлығы үшін алғыс айтты. Осымен, Ұлытаудағы алғашқы Құрылтай аяқталды.

Сізге қызықты болады