Қазақстанда орысша сөйлейтіндер азайып кетті деп дабыл қаққан ресейлік консул қызметінен қуылды

Азамат Ахметов

ҚР СІМ елдің ішкі саясатына дипломаттың араласуын дұрыс емес деп мәлімдеді

Sputnik Казахстан

Сыртқы істер министрлігігің ресми өкілі Айбек Смадияров дәстүрлі брифингте Қазақстандағы РФ консулы Евгений Бобровтың дипломатиялық миссиясы аяқталып, еліне қайтарылғаны туралы айтты.

Есте болса, бұған дейін Бобров Қазақстанда орыс тілінің қолданыс аясы тарылып бара жатқанын, мектептерде орыс сыныптар жабылып жатқанын айтып мәселе көтерген болатын. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі консулдың айтқанын жоққа шығарды.

«Ол кісі толық ақпаратты білмеген шығар. Алматыда жұмыс істегеннен кейін сол жақтың ақпаратымен шектелген болар. Бірақ ол кісі 26 тамыздан бастап консул емес. Ресейге кетіп қалды», - деді Айбек Смадияров.

Ол сондай-ақ, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметін атап өтті.

«Қазіргі таңда 7711 мемлекеттік мектептің 3957-сі тек қазақ тілінде, 1203-і орыс тілінде, 2551 мектеп қазақ және орыс тілінде білім береді. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Ішкі мәселені айтып, консулдардың мәлімдеме жасауы дұрыс емес», - деді ресми өкіл.