Қанат Ислам Тоқаевтан көмек сұрады

Азамат Ахметов

Ол ұзақ уақыттан бері кәсіпқой бокс кешін өткізе алмай келеді

Akorda.kz

Кәсіпқой боксшы, әуесқойлар арасында Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Қанат Ислам әлеуметтік желідегі парақшасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрады.

Ол Президенттен бокс кешін өткізуге қолдау көрсетуін сұрады. Спортшының айтуынша, елімізде соңғы үш жылда бірде бір рет кәсіпқой бокс кеші өтпеген.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз, «Қазақ промоушн» промоутерлік компаниясы 2016 жылдан бастап елімізде кәсіпқой бокс кештерін ұйымдастырып келеміз. Сол жылы Жәнібек Әлімханұлы, Әли Ахмедов, Айдос Ербосынұлы сынды талантты боксшылар кәсіпқой боксқа қадам басып, алғашқы жекпе-жектерін өткізді. 2020 жылдан бері қарай түрлі себеппен елімізде кәсіпқой бокс кешін ұйымдастыра алмай отырмыз. Өзіңізге үш-төрт ай бұрын осы мәселеге қолдау көрсетсеңіз деп хат жолдадық, бірақ әлі ешқандай жауап ала алмадық. Біз 16 желтоқсанда Астана қаласында бокс кешін ұйымдастырсақ дейміз. Оған 10 спортшы дайындалып жатырмыз. Осы шараны өткізуді өзіңіз тікелей бақылауыңызда ұстап, ұйымдастыруға қолдау көрсетуіңізді сұраймыз», - деді Қанат Ислам.

Сонымен қатар кәсіпқой боксшы Тәуелсіздік күні өтетін бокс кешіне Президентті қонақ ретінде шақырды.