Министрлер қаза тапқан кеншілерді еске алды
Бүгін Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы бір минут үнсіздіктен басталды.
«Қарағандыда «Костенко» шахтадасында болған жағдайдан бастаймыз. Өздеріңіз білесіздер, шахтада жарылыс болып, кеншілер қаза тауып, зардап шекті. Қаншама адамның өмірін қиған апат қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Үкіметтің және жеке өз басымнан қара жамылған отбасыларға көңіл айтамын. Марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынамын», - деді Әлихан Смайлов.
Премьер-министр зардап шеккендердің тезірек сауығып кеткенін тіледі.
«Денсаулық сақтау министрлігі әрбір кеншінің жағдайын бақылауда ұстасын. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар берілді. Арнайы комиссия құрылды. Комиссияны өзім жеке басқарып отырмын», - деді Смайылов.
Еске салсақ, «Костенко» шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты. 29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.