Даниал Ахметовтің жалақысы қанша екені белгілі болды

Азамат Ахметов

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы брифингте өңір басшысы журналистердің ең өзекті сұрақтарына жауап берді.

Даниал Ахметовке қойылған сұрақтардың бірі оның жалақысына қатысты болды.

«Жалақыға келер болсақ, барлық әкімнің базалық ставкасы бірдей. Ал оның ары қарай өсуі қызметкердің еңбек өтіліне байланысты. Менің еңбек өтілім 48 жыл, оның ішінде мемлекеттік қызметте 33 жыл жұмыс істеп жүрмін. Мен аптасына жеті күн жұмыс істеймін. Ал осының бәрін ескерсек, менің жалақым екі млн теңгенің үстінде», - деді ШҚО әкімі.

Сондай-ақ Даниал Ахметов өзі басқарып отырған өңірдегі орташа жалақы 262 мың теңгені құрайтынын атап өтті.