Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Қыдырғали Байбекке қатысты Астанада екі бірдей әкімшілік іс қаралайын деп жатыр. Бірі – заңсыз жүргізілген құрылыс бойынша, екіншісі – тіркеуден өтпей кәсіпкерлікпен айналысу дерегі бойынша. Бұл туралы елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мәлімдеген.
Қыдырғали Байбектің үстінен түскен арыздар бір күнде тіркелген, бірақ екі іс бойынша екі бөлек судья тағайындалыпты.
Заңсыз жүргізілген құрылыстың нақты қайда және қандай ғимарат екені әзірге айтылмай отыр. Егер сот оны расымен де заңсыз деп тапса Байбекке небәрі 51 мың теңге шамасында (15 АЕК) айыппұл салынады және ғимаратты бұздырады.
Екінші іс бойынша да сот отырысы енді өтеді. Егер Қ.Байбектің кәсіпкерлікпен заңсыз айналысқаны анықталса оған 15 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, сондай-ақ осы кәсібі аясында тапқан дүниесі тәркіленеді.
Айта кетейік, Қыдырғали Байбек Алматының экс-әкімі болған Бауыржан Байбектің әкесі. Ол Нұрсұлтан Назарбаевпен бір сыныпта оқыған.