6 шілдеде Қазақстанның бірінші президенті 83 жасқа толады
Астана қаласының 25 жылдығына орай өтіп жатқан форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне лайықты баға беру керек екенін айтты.
«Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек.
Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек», - деді Тоқаев Астананың 25 жылдығына арналған форумда.
Айта кетейік, 6 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаев 83 жасқа толады. Ол 2019 жылы президенттік қызметтен кететіні туралы мәлімдеп, бұл лауазымды сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген болатын.