«Менің жұмысымды Президент бағалайды»: Ерболат Досаев петиция үшін отставкаға кетпейтінін айтты

Азамат Ахметов

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың отставкасын талап еткен петицияға ондаған мың адам қол қойған болатын. Әкімнің өзі осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

Алатау ауданының тұрғындарымен болған кездесуде келушілердің бірі әкімнен петицияға қатысты пікірін сұрады.

Ерболат Досаев болса қалада 2,2 миллион адам бар екенін, петицияға небәрі 57 мыңы қол қойғанын, оның өзі шынайы адамдар болмауы мүмкін екенін айтты. Өйткені, петиция жариялаған сайтта қолданушылардан ЖСН мен аты-жөнін талап етпейді.

«Тұрғындар тарапынан көтеріліп жатқан мәселелердің шешілуін мен қадағалап отырамын. Қала тірі механизм, мұнда күн сайын түрлі жағдай болып жатады. Маған әкім ретінде сіздердің әрбіріңіздің пікіріңіз маңызды. Ал, менің жұмысымның бағасын Президент береді деп ойлаймын», – деп жауап берді Алматы әкімі.

Айта кетейік, Ерболат Досаевтың отставкасын қала белсенділері бірнеше айдан бері талап етіп келеді. Олардың пікірінше, әкім бюджет қаражатын тиімсіз жұмсап, жөндеуді талап етпейтін жолдарды жөндеп келе жатыр екен. Сондай-ақ, тұрғындармен дұрыстап сөйлесе алмайды дейді.