Әлия Назарбаеваның үй күтушісі болып жұмыс істеген әйел Қазақстанға экстрадицияланды

Азамат Ахметов

«Оператор РОП» компаниясының құрылтайшысы болған Шнар Муктарова Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға жеткізілді. Ulysmedia.kz порталының жазуынша, ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваның үй күтушісі болып жұмыс істеген.

Осыған дейін Шнар Муктарова халықаралық іздеуде болған еді. Ол компанияның бас директоры С.Коротенкомен сыбайласа отырып 920 млн теңгені жымқырған деп айыпталуда. 27 шілдеде кешкі сағат 19:01-де Астана әуежайында Муктарованың қолына кісен салынып, ол уақытша ұстау абақтысына жеткізілді.

Айта кетейік, «Оператор РОП» ЖШС-нің ісі былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін басталған еді. Құқық қорғаушылар ол Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловты, ЖШС-нің басқарма басшысы Медет Құмарғалиевті, бас директоры Светлана Коротченконы және қаржы директоры Рустам Темірбекті қамауға алған. Оларға утильалымнан түскен қаражаттың 180 млрд теңгесін жымқырды деген айып тағалыған.

Сотталушылар да, қоғам белсенділері де «Оператор РОП» ісі бойынша ең алдымен Әлия Назарбаеваны жауапқа тарту керек дегенімен, олардың сөзіне құлақ асатын ешкім болған жоқ.