Үкімет Астанаға келушілердің санын шектемекші

Азамат Ахметов

Қалаға адам сыймай бара жатыр

Informburo.kz

Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елордаға келушілер санын реттеу жайлы айтты.

«Қазір Астана қаласында 1 млн-нан аса адам тұрып жатыр. Бұрынғы Ақмола қаласы 300 мың адамға ғана есептелген. Жастар оқуға келіп жатыр. Жаңа жұмыс орындары ашылуда. Елордадағы бүгінгі инфрақұрылым халыққа (тиісті жағдай жасауға – авт.) мүмкіндік бермей жатыр. Егер Астананың көлемі кеңейіп, мүмкіндіктер жасалса, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылым салынса, онда ашуға болады. Қазір осындай шешім қабылдауға тура келеді»,- деді ол.

Министр атағандай, қазір қалаға келушілердің санын шектеу туралы заң жобасын елорда әкімдігі дайындап жатыр.

«Оқуға келгендер, жұмыс істеуге келгендер бар. Мысалы, жұмыс берушілер оларды жұмысқа шақырып, үймен немесе жатақханамен қамтамасыз етсе, шектеу болмайды. Қарсылық болмайды. Сіз Астанаға келіп, емделгіңіз, серуендегіңіз келсе, ешқандай қарсылық жоқ. Қайталап айтамын, егер жұмысы болып, оған қажет жағдай жасалса, оған ешқандай кедергі болмайды», - деді Дүйсенова.