Ресей Украинадағы соғысқа өз азаматтарын емес, қазақтар мен армяндарды тартпақ – британ барлау қызметі

Азамат Ахметов

Қазақстан мен Арменияда соғысқа қатысуға үгіттейтін парақшалар таратылған

РИА Новости

Ресей Украинадағы соғыстағы сәтсіздіктерінен кейін жалпыреспубликалық мобилизация жариялауы мүмкін деген ақпарат бұған дейін тараған болатын. Дегенмен, британ барлау қызметі бұл болжам басқаша өрбиді деген мәлімдеме жасады.

Британдық барлаушылардың ақпаратына сенсек, Ресей Украинада жүргізіп жатқан соғысына Армения мен Қазақстан азаматтарын тартуы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл екі елде соғысқа қатысуға үгіттейтін жарнамалық парақшалар тарап, интернет сайттарда да насихат қызу жүріп жатыр дейді ағылшындар. Аталған жарнамада соғысқа аттануға келіскен шетелдіктерді ірі қаржылай сыйақы мен жалақы күтіп тұрғаны жазылған.

Еске салсақ, жуырда ғана осы соғысқа қатысқан Қырғызстан азаматы еліне оралып, сол әрекеті үшін сотталған еді. Ресей билігі бұған теріс пікірін білдірді.

Қазіргі таңда Ресейде Орталық Азиядан келген 6 миллиондай азамат бар. Олардың көбі қара жұмысқа жегілген.