Отбасы мүшелері 31 тамызда Антальяға демалуға барған
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркияда қаза тапқан қазақстандықтар жайлы ақпарат берді.
«Кеше Түркиядан суық хабар жетті. Қазақстандық туристер мінген көлік жол апатына ұшырап, бір отбасы зардап шекті. 1989 жылы туған келіншек пен оның 2 жасар қызы қаза болды. 1986 жылғы оның күйеуі мен 2014 жылғы үлкен ұлы ауруханаға жеткізілді. Ер азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Ал баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ»,- деді Смадияров.
Ол атап өткендей, қазір дипломаттар туыстарымен байланыста. Оларға барлық құқықтық көмек көрсетіледі.
«Отбасы мүшелері Түркияға демалуға 31 тамызда барған. Бүгін елге қайтуы керек болған. Кеше safari көлігімен экскурсияға баруға шыққан. Көлікте 15 адам болған дейді. Оның төртеуі Қазақстан азаматы. Отбасында сақтандыру полюсі болған. Біздің азаматтар шетелде болғанда қауіпсіздік шараларын қатаң ұстануға шақырамыз. Болжам бойынша олар қауіпсіздік белбеуін тақпаған», - деді Смадияров.