Қазақстанда шоу-бизнес өкілдері жаппай хиджабқа оранып жатыр
Бір кездері KeshYou тобында ән айтқан Айдана Меденова бүгінде дінге біржола бет бұрып, өнерден қол үзген. Хиджабқа оранған әнші бұл жолды неліктен таңдағанын айтты.
«Ән айтуды тастадым. Өмір бойы ғашық болған ісім менің көңілімді қалдырды. Исламды тани бастаған сайын, Алланың сөздерін оқыған сайын хадис, тафсирлерді оқып, білім алған сайын көп нәрсеге басқаша қарай бастаймыз. Біз жай өмірде көп дүниеге мән бермейміз, байқамаймыз. Бірақ бізді Алладан алыстататын заттардан ақырындап бас тартуымыз керек. Өйткені бізді жаратқан – Алла. Әрине, басында іштей қарысылық болды. Бірақ Алланың айтқан сөздерін, дәлелі бар көп хадистерге тек жүрек ашылғанда, дайын болғада көз жетеді екен. Бір жүректе Құран мен музыка өмір сүре алмайды. Бұл – факт», - Деп жазды Айдана Меденова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Өнерпаз өміріндегі маңызды шешімнің бірін қабылдар кезде күйеуінің демеу беріп, қолдағанын да айтты.
«Күйеуім орамалға қарсы болмады. Керісінше, қолдау көрсетті. Күйеулері қарсы болып жатқан отбасыларды көріп жүрмін. Ондай әйелдерге Алла көмектессін. Ең жақын адамың түсінбеуі, қолдамауы өте ауыр сынақ деп ойлаймын. Әйелдер орамалды адамдардың емес, Алланың разылығы үшін ғана киеді. Басқасын мен түсінбеймін», - деп жазды ол.
Ол кей блогерлердің орамалын шешіп жатқанына қатысты пікір білдірген. Бұрынғы әнші ешкімді сынап-мінеуге болмайтынын айтады.