«Қызымды қорқытып зорлап келген»: Түркістан облысында колледж студенті күдікке ілінді
Түркістан облысында мектеп оқушысын колледж студенті зорлап келген. Мұндай мәлімдемені 14 жастағы қыздың анасы жасады, деп хабарлайды «Отырар» телеарнасы.
Әйелдің сөзінше, бозбала оның қызына 9 рет зорлық жасаған. Тіпті түнделетіп қызды үйден ұрлап алып кеткен кездері де болған екен.
«Екі рет өзіне қол жұмсамақ болды. Бізге қоштасу хатын жазып кеткен, кейін біліп, қызымды ұзаққа жіберуге тура келді», - дейді қыздың анасы.
Оның айтуынша, оқиға осы жылдың қаңтарында басталып шілде айына дейін жалғасқан. Анасы тіпті колледж студентінің бірнеше рет түнделетіп үйге кіріп, қызды ұрлап алып кеткенін айтады.
«Өз еркімен болған жоқ қой, қорқытқан ғой. Пышақпен қорқытқан. Әр кез сайын пышақпен қорқытып денелерін тіліп тастаған, қызымды қорқытады екен. «Егер менің айтқанымды істемесең әке-шешеңді өлтіріп кетемін» деп бопсалаған. Ол бір емес бірнеше рет түнде біздің үйге түнгі сағат 2-3-те кіріп, пышақпен бөлмесінен алып кетіп жүрген екен. Біз бейхабар болғанбыз. Зорлықпен болған», - дейді зорланған қыздың анасы.
Шілде айында мектеп оқушысының анасы полицияға арыз жазыпты. Бірақ одан бері 3 айға жуық уақыт өтсе де жәбірленуші тараптан ешкім кешірім сұрап келмеген. Анасы керісінше, студент жігіт «арызды алмасаң, туыстарыңа жаман болады» деп қызымды қорқытқан дейді.
«Полиция Сайрам ауданы тұрғынының арызы бойынша кәмелет жасына толмаған танысы тарапынан оның кәмелетке толмаған қызына қатысты құқыққа қарсы іс-қимыл фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Бұл факт бірден ҚР ҚК-нің 122-бабының 1-бөлігі бойынша «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер» бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда және сараптамалардың нәтижесімен заңды процестік шешім қабылданатын болады», - деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі.
Жәбрленушінің қорғаушысы арыз берілгеннен бері ешқандай шара қолданылмағанын айтады. Сол себепті де аудандық прокуратурадан қайыр болмаған соң, облыстық, тіпті Бас прокуратураға шағым беріпті. Алайда әзірге еш нәтиже жоқ дейді ол.
«Іс бойынша бірнеше сараптама қорытындысы алынған. Жәбірленуші тараптан дәлелдеме ретінде жазбалар, суреттер, араларында болған аудиожазбалар ұсынылған. Алайда тергеу тарапынан, прокуратура тарапынан көз жұмып қарауда. Қылмыс жасаған тұлғаны жауапкершілікке тарту мақсаты, күдікті деп тануды, оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануды және полиция басқармасы айтып отырғандай «122 баптың 1-бөлігімен күдікті деп танимыз» деп отыр, ол орта дәрежелі. Бұл жерде қылмыс бірнеше рет болған, ол 122-баптың үшінші бөлігіне жататын қылмыс», - дейді адвокат Тимур Сәрсеналиев.
Ата-анасы қыздары бірнеше рет өзіне қол жұмсамақ болғаннан кейін, оны басқа қалаға жіберуге мәжбүр болдық дейді.