Олар сот алдында тиісті жазасын алды
Жамбыл облысық прокуратурасының хабарлауынша, Тараз қаласы №2 сотының 16.10.2023 жылғы үкімімен Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы және бұрынғы сектор меңгерушісі лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.
Белгілі болғандай, мемлекеттік қызметкерлердің қылмыстық әрекеті Тараз қаласының прокуратурасы жүргізген талдау барысында анықталған.
«Атап айтқанда, лауазымды тұлғалар 3,56 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімін заңсыз тәркілеп, оны екі коммерциялық жалпы ауданы 3,56 гектар жер теліміне айырбастаған. Алайда мемлекет мүддесі үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскені алып қоюдың қажеті жоқ еді. Сонымен қатар, жер телімдерінің бағасы тең емес болғанына қарамастан айырбастап, мемлекет мүдделеріне 121 млн теңгеден астам сомаға залал келтіруге әкеп соқтырды.
Коммерциялық мақсаттағы екі учаскеде 14 шағын ауданда орналасқан және оларды аукционда сату жергілікті бюджетке табыс әкелетін еді. Бірақ мемлекеттің орнына жеке адамдар пайда тапты: яғни, ауданы 1,3 гектар болатын бір учаске автосалонға 93 млн теңгеге сатылған», - делінген ведомство хабарламасында.
Осы жайт бойынша Тараз қаласының прокуратурасы 07.06.2022 ж. ҚР ҚК 361-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап, тергеу Жамбыл облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырылды.
«Сот жер қатынастары бөлімінің басшысын ҚР ҚК 361-бабының 3 - бөлігінің 4-тармағы, ал бұрыңғы сектор меңгерушісін ҚР ҚК 361-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы, 24-бабының 5-бөлігі бойынша кінәлі деп тауып, оларға мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, екеуін де 4 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды», - делінген хабарламада.
Сот шешімімен жер учаскелері мемлекеттік қорға қайтарылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.