«Қыз алып қашқан»: Таразда үйленем деген жігіт 7 жылға сотталып кетті

Азамат Ахметов

Полицияға оқиғаны қыздың көршілері хабарлаған

Жамбыл облысында қыз алып қашқаны үшін 2 адам сотталды, деп хабарлайды Жамбыл облысының прокуратурасы.

Іс Тараз қаласының №2 сотында қаралды. Оқиға биыл ақпанда болған.

"Ж" есімді азамат ортақ таныстары арқылы "А" есімді қызбен танысқан. Бірнеше кездесуден кейін қыз байланысты одан әрі жалғастырудан бас тартқан. Алайда, жігіт қызды үйлену мақсатында алып қашқан, - деп жазылған хабарламада.

Жігіт досымен бірге қызды алдап, көлікке күштеп отырғызып, қаладан алып кетуге тырысқан. Қыздың көмекке шақырған дауысын көршілері естіп қалып, полиция шақырған. Полиция қыз ұрлағандарды ұстаған.

Жігіт пен оның досы Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы «Адам ұрлау» бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.