Дағыстанда еврейлерге қарсы ереуіл болды: 20 адам жарақаттанған

Азамат Ахметов

Ереуілшілер Махачкала әуежайын басып алып, тәртіпсіздік жасаған

РБК

Дағыстан астанасында жергілікті халық Израильден еврей халқының көшіп келуіне қарсылық танытып, ереуілге шықты. Сөзге тоқтамаған халықты әуежайдан тәртіп сақшылары күш қолданып қуып шықты.

Қақтығыс салдарынан ондаған адам жарақат алған. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Сондай-ақ, ұсталғандар саны да аз емес.

«Дағыстандағы Махачкала әуежайындағы оқиға салдарынан 20-дан астам адам, соның ішінде полиция қызметкерлері мен қарапайым азаматтар зардап шекті. Оның 10-ы аймақтағы ауруханаларға жеткізілді, екеуі ауыр халде жатыр», - делінген хабарламада.  

Елдің ДСМ басшысы зардап шеккендердің саны мен алған жарақатының ауырлығы анықталып жатқанын хабарлады.

«Росавиация» аталған оқиғаға қатысты әуежайдың 6 қарашаға дейін жабылғанын мәлімдеді. Кейінірек Дағыстан үкіметі әуежай жұмысының жақын күндері қалыпқа келтірілетінін жеткізді.

Белгілі болғандай, жексенбі күні Махачкала әуежайында жиналған мыңға жуық жергілікті тұрғын әуежайдың ұшу-қону жолағына бұзып кіріп, Тель-Авивтен ұшып келген жолаушылардың арасынан Израиль азаматтарын іздеген.

Baza Telegram-арнасының хабарлауынша, шеруге қатысушылар Израильге қарсы плакаттар ұстап, Палестинаны қолдайтын ұрандар айтқан. Көп ұзамай жиналғандардың бір бөлігі кіреберіс есіктерді бұзып, әуежай терминалының ғимаратына басып кірген.