Қаржылық мониторинг агенттігіне жаңа басшы келді

Азамат Ахметов
Фото: gov.kz

ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің жаңа басшысы лауазымына Дмитрий Малахов тағайындалды, деп хабарлайды Qonaev.info.

Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 13 ақпанда қол қойды.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Дмитрий Михайлович Малахов Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», - деп жазылған ресми құжатта.

Дмитрий Малахов 1974 жылы 27 тамызда Көкшетауда дүниеге келген. 1991-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы жоғары мектебінде, 2003-2005 жылдары – Т.Рысқұлов атындағы Экономика және қаржы университетінде білім алған. («Заңгер – заңгер, экономист» мамандығы).

Еңбек жолын ішкі істер органдарында, қаржы полициясында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте және экономикалық тергеу қызметтерінде қызмет етуден бастаған. 2004-2019 жылдары Ішкі істер министрлігінің облыстық және орталық аппараты, Қаржы полициясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы басқармалары бастығының орынбасары, 2019 жылдан 2020 жылға дейін – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитеті Операция департаментінің басшысы.

2020-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2022-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.

Дмитрий Малахов Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы болып тағайындалғанға дейін 2023 жылғы қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары болды.