Елімізде риелторларға қатысты талап қатаңдатылуы мүмкін, деп хабарлайды Qonaev.info.
Өткен жылы Қазақстан риелторлар қауымдастығы «риелтортар қызметі туралы» заң жобасын Парламентке ұсынған. Егер, заң жобасы бекітілсе тұтыншының құқығын бұзып, қауымдастықтың атын жамылып жүргендерге тосқауыл қойылмақ.
«Біздер өткен жылы қараша айында ҚР Парламентіне риелторлар қызметі туралы заң жобасын тапсырған болатынбыз. Қантардан бастап қараймыз деген, қазір енді риелторлар қызметін заңдастыру жөнінде оң мәселе шешімін таппақ. Соған байланысты енді риелторлық қызмет қатаң бақылауға алынады. Олардың ең бірінші білім деңгейі тексеріледі. Оның қызмет атқаруға білім деңгейі сәйкес келеді ме, жоқ па, сол сараланады. Қазір оқымағаны көп, олар өздерінің қандай мақсатта жұмыс істеп жүргенін де білмейді, пайда табу үшін небір әрекеттерге барады», - дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Жәрдем Ақбисенов.
Оның айтуынша, ең алдымен бұл қызмет түрін көрсетумен айналысатын азамат, қауымдастыққа қарасты «Жылжымайтын мүлік» академиясында білім алуы шарт. Сонда ғана заңсыз жұмыс істеп жүргендердің тізімі белгілі болмақ.
«Енді болашақта заң қабылданса риелтор болып жұмыс істейтін адамның қолында оның оқуды бітіргені туралы сертификаты болады. Содан кейін оның Қазақстан риелторлар қауымдастығында мүше екендігі туралы куәлік беріледі. Ол кез келген уақытта базада тіркеулі тұрады. ҚРҚ-на мүшелікке өту үшін, оны 5 ай толық тексеруден өткізіп барып, мүшелігімізге қабылдаймыз», - дейді Жәрдем Ақбисенов.
Сарапшының сөзінше, қазір өзін риелтор ретінде таныстырып, жұрттың қалтасын қағып жүргендер саны тым көбейіп кеткен.
«Алматының өзінде 5 мың риелтор болатын, қазір 7 мыңның үстінде болып кетті. Оған қоса қазір жалпы еліміз бойынша риелторлық қызмет көрсететін 2 мың компания бар. Осылардың ішінде тек қана 50-і ғана Қазақстан риелторлық қауымдастығында тіркеуде тұр, ал басқасы жоқ» - дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Жәрдем Ақбисенов.