Қазір Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында 3 444 жер үйді және 336 аула аумағын су басып тұрғаны анықталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлім етті, деп хабарлайды Qonaev.info.
«Су тасқыны басталғалы бері 96 472 адам, оның ішінде 31 640 бала құтқарылды. 2 мың 823 адам, соның ішінде 865 бала қауіпсіз жерге жеткізілді. Уақытша орналасу пункттеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала орналастырылды», - деді Е. Сайпаш.
Оның сөзінше, 82 559 бас мал қауіпсіз жерге айдалған.
«Зардап шеккен өңірлерге 167 935 келі гуманитарлық көмек жеткізілді. Бірлескен күштердің көмегімен 8,5 млн текше метрден астам еріген қар суы шығарылды. 1,3 млн қапшық және 1,1 млн тонна инертті материал төселді. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су ағызылды. Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам, 2 655 техника, 469 су сору және 139 жүзу құралы, 10 әуе көлігі жұмылдырылды», - деді ведомство өкілі.
Ал қазір су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемі бақылауда. Көлік қатынасынсыз қалған 69 елді мекен қадағалауға алынған.