Қазақ боксы өзбек боксынан бір бас жоғары – бапкер Мұхит Амантаев

Азамат Ахметов

Қазақстанның бокс мектебі әлемде мойындалған және төрешілердің әділетсіздігі үшін байкот жариялау дұрыс емес дейді отандық бапкер Мұхит Амантаев. Әлеуметтік желі арқылы танымал болған бокс маманы ABAY Live YouTube-каналына сұхбат беріп, қазақ пен өзбек боксының арасындағы бәсекелестіктің қайдан пайда болғанын өзінше түсіндіріп берді.

Айта кету керек, соңғы әлем чемпионаттарында және Олимпиада ойындарында төрешілердің шешімі қатаң сынға ұшырап келеді. Әсіресе, қазақ боксшыларына қатысты шығарған әділетсіз нәтижелерден кейін қоғамда «неге байкот жарияламаймыз» деген сауал жиі туындап жатады.

«Жеңіліс үшін байкот жариялау – күлкілі әңгіме. Болмай қалды ма, келесі жарысқа дайындал. Бұл нәтижеден сабақ ал. Байкот жариялау дұрыс емес» - дейді бапкер Мұхит Амантаев.

Сондай-ақ, ол қазақ пен өзбек боксшыларының арасындағы бәсекелестік туралы да айтып өтті. Оның сөзінше, бұл бәсекелестік – спорт үшін қалыпты жағдай және оның астарынан саясат іздеудің қажеті жоқ.

«Жалпы екі елдің боксшылары арасында мұндай тенденцияның бары рас. Өзбектерде айтады екен: «басқадан жеңілсең де қазақтан жеңілме» деп. Бізде де тура солай айтады. Бұл спорттағы бәсекелестік, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Бірақ, бірнәрсені білу керек, біздің бокс өзбек боксынан бір бас жоғары, біздің бокс әдемі, біздің бокс таза», - деп сөзін түйді Мұхит Амантаев.

Еске салайық, биыл Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында Өзбектсан боксшылары 5 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленсе, Қазақстан 4 алтынмен – екіші, Ресей 2 алтынмен үшінші орынға тұрақтады.