Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Грекиядағы пойыз апатынан қайтыс болғандар саны 43 адамға жетті

Азамат Ахметов

Грекиядағы пойыз апаты мамандардың жауапсыздығынан болған. Ал апаттан қаза тапқан жолаушылардың саны 43 адамға жетті. 

BBC агенттігінің хабарлауынша, ел билігі алапат пойыз апаты адам қателігінен болған деп жариялады. Бір бірімен бетпе-бет соқтығысқан пойыз апатынан соң алғашқы шенеунік те қамауға алынды. Қайғылы жағдай адам қателігінен болды деп мәлімдеді Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис.

«Өкінішке қарай, бұл қайғылы жағдайдың бәрі адам қателігінен болғанын көрсетеді. Сот төрелігі өз жұмысын атқарып, кінәлілер жауапқа тартылады», - деді Үкімет басшысы.

Грекиядағы бұл апат теміржол саласында бұрын-соңды болмаған қайғылы жағдай деп саналды. Жолаушылар пойызы мен жүк пойызының соқтығысуынан соң Көлік министрі Костас Караманлис отставкаға кететінін жариялады.

«Осындай қайғылы оқиғадан кейін ештеңе болмағандай жүру мүмкін емес», - деді ол.

Елде үш күндік аза тұту күні жарияланды. Афина мен елдің солтүстігіндегі Салоника қаласын жалғайтын темір жолдағы пойыздардың соқтығысуынан көбінесе студенттер қаза тапқан.

Екі пойыздың бір жолмен не себепті қарама-қарсы бағытта жолға шыққаны белгісіз. Апат болған жерге жақын орналасқан Лариса станциясының бастығы қамауға алынды. Көптеген студенттер ұзақ демалыстан соң Салоникиге оралып жатқан. Олар Грекиядағы мемлекеттік мерекені қалада қарсы алмақ болған.

«Құрбан болғандардың көпшілігі – жастар. Лариса ауруханасында қаза тапқандардың туыстары менен «Неге?» деп сұрады. Біз оларға шынайы жауап беруіміз керек», — деді Кириакос Мицотакис.

Апаттан кейін елдегі темір жол рельстерінің ескіргені туралы дау туындады. Машинистер одағының президенті Костас Генидуниас Грекияның негізгі екі қаласын байланыстыратын бұл желіде қауіпсіздіктің жоқ екенін айтып, билікті айыптады.

Екі пойыз да бір-біріне қарсы сағатына 160 шақырым жылдамдықпен келіп соқтығысқан. Соқтығысудың қатты болғаны соншалық, екі құрамның дөңгелектері мен бөлшектері ондаған метрге ұшып кеткен. Жолаушылар пойызының вагондары рельстен шығып қана қоймай, өртке оранған.

«Пойыздар өте жоғары жылдамдықпен жүрген және екі жүргізуші де бір-біріне қарай келе жатқанын білмеген», - деді Фессалия губернаторы Костас Агорастос.

Грекияның теміржол қызметкерлері кәсіподағы бүгін апатқа байланысты 24 сағаттық ереуіл өткізбекші. Кәсіподақ жетекшілері апатқа бұрынан шешілмей келе жатқан проблемалар мен көптеген факторлардың, соның ішінде қызметкерлердің жетіспеушілігі мен жұмыс істемейтін жабдықтардың себеп болғанын айтады. Грекияның теміржол қызметкерлері 2000 жылдан бастап билік жаңа электронды қозғалыс қауіпсіздік жүйелерін орнатуға 20 миллиард еуродан астам қаражат жұмсады деп мәлімдеді. Бірақ жоба ешқашан жүзеге асырылмаған және жабдық жұмыс істемеген.

«Ештеңе жұмыс істемейді. Барлығын адамдар қолмен жасайды. Көрсеткіштер де, бағдаршамдар да, қозғалысты реттеу де жұмыс істемейді. Егер олар жұмыс істесе, машинистер қызыл сигналды көретін еді», - деді Грекия машинистер одағының президенті Костас Генидуниас.

Сізге қызықты болады