Ресей билігі әскерге жаппай шақыруды бастап кетті. Әскери комиссариаттарға шақыру қағаздарының көбеюі елді дүрліктірді. Әсіресе Воронеж, Липецк және Пенза тұрғындары жігіттерге жаппай шақырту қағаздарының келе бастауы Украинаға соғысқа әкетумен байланыстырады, деп хабарлайды Qonaev.info.
BBC агенттігінің хабарлауынша, билік те әскери комиссариаттарға ерлердің қайта келуі туралы шақыртуды растап отыр. Бірақ бұл жолғы әрекеттерін Украинадағы соғысқа жұмылдырудың екінші кезеңіне дайындықтың белгісі деп санамауды сұрады.
Воронеж облысының Үкіметі аймақтық деңгейде әскери комиссариатқа шақыру қағаздарын жаппай таратуды бірінші болып бастаған. Ал кеше тізім тағы екі аймақпен – Липецк және Пенза облыстарымен толықтырылды. Липецк облысы Үкіметінің жеделхат арнасы мұны әскери комиссариаттардың мәліметтер базасын цифрландырумен түсіндірді. Өткен жылдың қыркүйегінде Ресей президенті Владимир Путин ішінара жұмылдыру жариялап, кейіннен билік жаппай мобилизация кезіндегі сәтсіздіктерді мойындады.
Қарашаның соңында Путин Ресейдің цифрлық даму министрлігі мен Федералды ішкі кірістер қызметіне Қорғаныс министрлігінің қатысуымен 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін «әскери есеп құжаттарын жаңарту» үшін қажетті деректермен ресурс құруды тапсырды.
«База 2023 жылдың 1 сәуірінен – көктемгі шақыру басталғаннан бастап іске қосылуы тиіс. Барлық әскери комиссариаттар әлі де есепке алынбайды», - деді құқық қорғаушы Павел Чиков Путиннің Жарлығына талдау жасап.
Azattyq Ruhy басылымының мәліметіне сүйенсек, қазір аймақтық билік дәл осылай деп деп дүрліккен елге басу айтып отыр.
«Липецк облысында, бүкіл Ресейдегідей, әскери комиссариаттар мәліметтер базасын цифрландырады. Бұл үшін ақпаратты жаңарту қажет. Сондықтан жақын арада өңірдің бірқатар тұрғыны әскери комиссариаттан шақыру қағазын алады», - делінген Липецк облысы Үкіметінің хабарламасында.
Билік шақыру қағаздарын жіберу жоспарлы және деректерді нақтылау қажеттілігінен басқа ештеңені білдірмейді деуден танбай отыр.
«Біз өз базамызды өзекті деректермен толтырамыз, облысымызда тұратын және әскери есепте тұрған азаматтарды шақырамыз», - деді Липецк облысының әскери қызметкері Валерий Герасименко.
Ол аймақта мобилизация шаралары жүргізілмейді деп мәлімдейді. Липецк облысының билігі күзгі ішінара жұмылдыру кезінде қателіктерді тағы бір рет мойындады.
«Ал құжаттарда қателер болмауы керек. Мұнымен келіспеу мүмкін емес», - деп «Коммерсант» газеті шенеуніктердің мәлімдемесін келтірді.
Воронеж шенеуніктері бір күн бұрын әскери комиссариатқа шақыру қағазын қазір армияда қызмет еткендер ғана алады деп сендірді. Сонымен қатар Белгород облысының, Ямало-Ненец автономиялық округінің, Алтай өлкесінің және Кабардино-Балқарияның тұрғындары да шақыртудың келіп жатқанын хабарлады.
Тәуелсіз БАҚ ақпаратынша, кемі 300 мың адам ішінара жұмылдыруға шақырылуы мүмкін. Батыстық және украиналық сарапшылар мобилизацияның екінші толқыны болатынын бірнеше рет мәлімдеді. Өйткені Ресей соғыс ашқанымен, әскері жетістіктерге жеткен жоқ.