Данияда тағы да Құранды өртеді

Азамат Ахметов

Даниядағы Түркия мен Ирак елшіліктерінің алдында бір топ адам Құран кітабын өртеді. Мұндай жайт елде алғаш рет болған жоқ деп жазады Qonaev.info.

Оқиға ел астанасы Копенгагенде 12 тамызда болды. Ғимарат алдына жиналған арандатушылар ислам дініне тіл тигізетін ұрандар айтып, жария түрде Құранды өртеген.

Ирна агенттігінің жазуынша, оқиға болған кезде полицейлер сол маңдағы тәртіпті күзетіп, жанжалдың болмауын қадағалапты. Бірақ, арандатушыларды тоқтатпаған.

Елде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, сұралғандардың жартысынан астамы Құранды өртеу секілді әрекеттерге тыйым салуды қолдаған. Олар дін бостандығы әр адамда болуы керек деп есептейді. Ал, Дания үкіметі болса мұндай жағдайларға заңмен тыйым салу жағын қарастырып жатыр.

Есте болса, бұған дейін де Дания мен Швецияда мұсылмандардың қасиетті кітабын өртеу оқиғалары бірнеше рет орын алды. Ол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, арандатушыларды қатаң сынға алған болатын.