Қытайдың Шыңжаң провинциясында 56 жастағы этникалық қазақты құран оқығаны үшін ұстап, қамауға алды деп жазады Radio Free Asia. Ер адам үйлену тойында әруақтарға құран бағыштап, бет сипаған екен.
Құсман Рехимды полиция 14 шілдеде ұстаған. Алайда, бұл туралы енді ғана белгілі болды. Ақпаратты қазақстандық «Атажұрт» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтхан таратты.
Оның айтуынша, тәртіп сақшылары Құсман Рехимнің үйін тінту кезінде Құран кітабын тауып, айғақ зат ретінде тәркілеген.
Айта кету керек, Қытайда діни көзқарасы үшін қуғынға ұшыраған этникалық қазақтар аз емес. Мәселен, биыл наурызда 61 жастағы Бақытхан Мырзан түрмеде қайтыс болды. Ол да діни көзқарасы үшін сотталған еді.
Қытайда 2017 жылдан бері құран оқуға заңмен тыйым салынған. Елдегі мұсылмандарды осы уақыттан бері тәрбиелеу лагерлерінде қамап ұстап, діннен мәжбүрлі түрде бас тартқызып келеді.