Мереке кезінде қылмыстық топтар атыс ұйымдастырған
АҚШ-та Хэллоуин кештерінде болған бірнеше атыс салдарынан кем дегенде алты адам қаза тапты, сондай-ақ 40-тан астам адам жараланды.
Тағы бірнеше қалада қақтығыстар болып, үш адам көз жұмды.
Жыл сайын 31 қазанда тойланатын Хэллоуин мерекесі биыл жұмыс күніне сәйкес келетіндіктен, Американың көптеген қаласында мерекелік шаралар қазанның 28-інен 29-ына қараған түні өтті.
Тампа қаласында (Флорида штаты)сондай кештердің бірінде жаппай төбелес шығып, оның соңы атысқа ұласқан. Қылмыстық оқиғадан екі адам қаза тауып, тағы 18 адам түрлі дәрежеде жарақат алған.
Ал, Индиана штатындағы Индианаполис қаласында 100-ден астам адам жиналған кеште де атыс болып, бір адам қаза тапты, сегіз адам жараланды. Зардап шеккендердің жасы 16 мен 22 жас аралығында болған. Бұл кеште тәртіп сақшылары атыс қаруы бар бірнеше адамды ұстады.
«Атыс қарулары бейсауат адамдардың қолына көптеп өтіп кеткен, соның салдарынан зорлық-зомбылық көбейіп кетті», - деп жазды қала мэрі Джо Хогсетт X әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter – авт.) парақшасында.
Сонымен қатар, Чикагода (Иллинойс штаты) атыс болып, белгісіз біреу аудандардың біріндегі мерекелік шарада оқ жаудырған. Оқиға салдарынан 15 адам ауруханаға жатқызылды. Қылмыскерді оқиға орнына жеткен полицейлер қамауға алды.