Леонардо Ди Каприо Қазақстан үкіметіне алғыс айтты

Азамат Ахметов

Белгілі актер қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысады

Jordan Strauss/Invision/AP

Америкалық әйгілі актер Леонардо Ди Каприо киіктердің популяциясын көбейткені үшін Қазақстан үкіметіне алғыс айтты. 

Оның айтуынша, ақбөкендер жойылып кетуі мүмкін жануарлардың тізіміне енген, алайда қазіргі бұл жануардың түрін көбейту бойынша жетістік бар. 

«Кең ауқымды қалпына келтіру жұмыстары Қазақстандағы ақбөкен популяциясының керемет сақталып қалғанын көрсетеді. 2005 жылдары небәрі 48 000 басты құраған киік түрінің қазір табиғаттағы саны 1,9 миллионнан асыпты. Браконьерлікке қарсы бастамалары, құқық қорғау органдарын жұмылдырғаны және жаңа қорғалатын табиғи аумақтарды құруға қомақты қаржы бөлгені үшін Қазақстан үкіметін құттықтаймыз. Үкіметтің табиғатты қорғау ұйымдарымен, университеттермен және ғалымдармен ынтымақтастығы – табиғатты қорғау саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы қол жеткізілген шынайы табыстың жарқын мысалы», - деп жазды Ди Каприо желідегі парақшасында.

Дегенмен, Қазақстан Үкіметі жуырда ғана киіктерді атуға шешім шығарғанын танымал актер білмейтін секілді. Киік басының тым көбейіп кеткені шаруаларға айтарлықтай проблема болғандықтан, оларды реттеу үшін белгілі мөлшерде атуға рұқсат берілген.