Елімізде наурыз айынан бастап жастарға шағын несие беріледі – министрлік

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Елімізде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін гранттар мен 2,5%-дық микрокредиттер беріледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Qonaev.info.

«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде бизнес идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға бірінші лек бойынша өтінім қабылдау басталды. Бірінші ағын аясында 2,6 мыңға жуық грант беру жоспарланып отыр. Жалпы 2023 жылы 9 мың адам грант алады. Оған 12,4 млрд теңге қарастырылған», - деді Олжас Ордабаев.

Грант сомасы 400 АЕК-ке дейін болады, ал оған халықтың әлеуметтік осал санаттарының өкілдері қатыса алады. Қатысуға өтінімді business.enbek.kz порталы арқылы онлайн режимде беруге болады.

«Әсіресе, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін биыл 2,5% жеңілдікпен несиелеу іске қосылды. Оған 29 млрд теңге бөлінді, бұл 5,8 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Қарыздың ең жоғары сомасы-5 млн теңге. Несиелеу мерзімі мал шаруашылығын қоспағанда, кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін болуы мүмкін», - деді Ордабаев.

Кредиттер конкурстық комиссияның шешімі негізінде «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ арқылы беріледі.