«Калашников» автоматы, мылтық, граната: қару-жарақ жасырылған орындар табылды

Азамат Ахметов
Фото: Polisia.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) 2023 жылдың басынан бері анықталған, заңсыз айналымдағы қарулар туралы айтты, деп хабарлайды Qonaev.info.

2023 жылдың қаңтар-сәуір аралығында ҰҚК полициямен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен заңсыз айналымнан, соның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды іздеу және алу бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген.

"Нәтижесінде Қазақстанның 11 облысында 268 қару тәркіленді, оның ішінде 38 "Калашников" автоматы, 126 мылтық, 104 тапанша, 21 граната, 4 жарылғыш құрылғы, түрлі калибрлі 30199 оқ-дәрі, сондай-ақ қорғаныс дулығалары, кісендер, автомат оқ салғыштары, қалқандар мен радиостанциялар тәркіленді.

Қару-жарақ пен оқ-дәрілердің негізгі бөлігін жедел уәкілдер "қоймадан" тапты: Алматы – 4, Байқоңыр – 1, Қостанай – 1, Семей – 1, Өскемен – 1, Ақтөбе облысы – 1, Алматы облысы – 3, Жамбыл облысы - 4 , Жетісу облысы - 2, Павлодар облысы - 1, Солтүстік Қазақстан облысы - 3", - деді ҰҚК өкілдері.

Сонымен қатар, Алматыда ірі көлемде заңсыз қару-жарақ айналымымен айналысқан қылмыстық топтың жолы кесілді.

Деректер бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заңсыз айналымнан қаруды іздеу және алу жалғасып жатқаны айтылды.