26 шілдеде Айкөркем Мелдеханның өлімі бойынша сот процесі басталады деп хабарлады Orda.kz. 4 жасар бүлдіршінді Қаңтар оқиғасы кезінде атып тастаған болатын.
Аталған іс бойынша басты күдікті ретінде әскери сарбаз Арман Жұман қаралуда деп мәлімдеді ҚР Бас прокуратурасы. Сот отырысы жабық өтеді.
Еске салайық, Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда әкесінің автокөлігінде отырғанда оққа ұшқан болатын. Көлікте болған оның әпкесі де ауыр жараланды.
Тергеу ұзақ уақыт бойы Айкөркемді атқан күдіктілерді таба алмай, қылмыстық іс бір рет жабылған. Сол кезде Алматыда бүлдіршіннің суреті бейнеленген мурал пайда болды. Онда «Қай аға мені атқан» деген жазу да бар еді. Алайда, санаулы уақыт ішінде әкімдік қызметкерлері аталған муралды тез өшіріп тастады.
2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде ресми мәлімет бойынша 238 адам қаза тапты. Прокуратура олардың жиырмасы кездейсоқ оққа ұшты деп мәлімдесе де, ешбірінің аты-жөнін әліге дейін атамай келеді. Ал, «Азаттық» радиосының журналистері өз күшімен 188 марқұмның тізімін жасап шықты. Олардың ішінде алтауы кәмелетке толмаған балалар, бірі – Айкөркем Мелдехан. Арада уақыт өткен соң бұл тізім тағы шымкенттік 8 баламен толықты.