Былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде «Шал, кет» деп ұрандатқан алматылық тұрғын Әділет Мусинге сот үкімі шықты деп жазады ҚазТАГ.
Бостандық аудандық №2 сотының судьясы Мусинге 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Алайда, амнистия туралы заң аясында оның жазасы 9 айға дейін қысқарды.
Әділет Мусин ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 2 және 3-тармақтары бойынша айыпты деп танылған.
Соттың мәліметінше, Мусин 5 қаңтар күні елде жарияланған төтенше жағдайға қарамастан митингке шығып, жаппай тәртіпсіздікке қатысқан. Ол өзгелермен бірге полиция мен әскерилердің қоршауын бұзып өткен.
«Мұнан кейін ол көпшіліктің алдына шығып, заңға бағынбауға үгіттеген, сондай-ақ түрлі ұрандар айтып, балағаттаған. Артынша автокөліктерге тас лақтырып, полицияға күш көрсеткен», - делінген сот өкілдері таратқан хабарламада.
БАҚ-тың жазуынша, Әділет Мусиннің Қаңтар оқиғасы кезінде «Шал, кет» деп айқайлаған сәті видеоға түсіп, бұл ролик көпшілікке тарап кеткен.