Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

UFC-ден жеңіспен оралған Асу Алмабаевқа жерлестері түйе мен жылқы мінгізді

Азамат Ахметов

UFC-де өнер көрсетіп, алғашқы кездесуін жеңіспен бастаған отандасымыз Асу Алмабаевты жерлестері ерекше құрмет-қошеметпен қарсы алды.

Жамбыл облысы Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов спортшыны жеңісімен барша аудан тұрғындары атынан құттықтады.

«Сізді АҚШ-та өткен жекпе-жекте еліміздің мерейін асырған жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл күллі еліміздің және ауданымыздың мәртебесін асырған айтулы оқиға болды. Жеңісті күндеріңіз көп болсын. Біз Сізді әлі талай биіктерді бағындырды деп сенеміз», – деген аудан басшысы жеңімпаз ұлдың иығына шапан жауып, жерлестерінің атынан түйе мінгізді. Сондай-ақ, «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. 

Аталған шара Жаңатас-Саудакент тас жолының бойында орналасқан «Ысты Тілік баба» мемориалды кешенінде және Асудың туып-өскен ауылы Жаңаталапта жалғасты. Баба рухына құран бағыштап, тағзым жасаған жерлесімізге ауылдастары батасын беріп, ат мінгізді.

Еске салсақ, Асу Алмабаев АҚШ-та өткен UFC Fight Night турнирінде америкалық Оди Осборнды (12-6 есебімен) қылқындыру әдісімен ұтты. 

Асу жеңіл салмақта UFC демеушілігімен өнер көрсететін жауынгер.

Сізге қызықты болады