Оның не үшін мұндай қадамға барғаны айтылмады
Полицейлер Алматы облысындағы пәтерлердің бірінде балаларға шабуыл жасап, ұрып-соққан ер адамды ұстады. Ол Түркістан облысының 47 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазіргі уақытта ол аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамалды және оған қатысты тергеу әрекеттері жүргізілуде.
«Тергеу барысы менің жеке бақылауыма алынды. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес жария етуге жатпайды», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде балалардың соққыға жығылғаны туралы видео тараған болатын. Онда аяқ-қолы байланып, бет-аузы көгерген кішкентай ұл мен қыз баланың қатты шошынып, сөйлей алмай жатқан және оларға көршілерінің көмек көрсетіп жатқан сәті түскен. Балалар үйге әлдебір ер адамның терезеден кіріп, пышақпен қорқытып, өздерін ұрып-соққанын айтады.